
«Шахтер» мен «Боруссия» өкілдері арасындағы алғашқы байланыс шілде айында Алматыда өткен Freedom QJ League All Star матчында орнады. Клубтың және жасөспірімдер лигасының жұмыс деңгейі неміс мамандарының қызығушылығын тудырып, олар Қарағандыға келіп, клубтың жұмысымен жақынырақ танысуға шешім қабылдады. Делегация құрамына халықаралық жобалар жөніндегі менеджер Флориан Грамлих, академияларды дамыту жөніндегі менеджер Вольфганг Хайльман және жастар футболы бойынша бас скаут Маркус Хайн кірді.

Қонақтар клубтың қолданыстағы инфрақұрылым нысандарын және салынып жатқан академияның құрылыс алаңын аралап үлгерді. Сондай-ақ өткен демалыс күндері Freedom QJ League матчтарын тамашалады. Айта кетерлігі, ойын қорытындысы бойынша қонақтар клубының бас скауты «Шахтердің» бірнеше тәрбиеленушісінің ойын сапасына оң баға берді.

«Боруссия» өкілдерінің сапары әлі де жалғасуда. Неміс мамандары U17 және U18 командаларының жаттығу барысын бақылайды, сондай-ақ «Шахтердің» жаңартылған даму стратегиясымен жан-жақты танысады. Бұған қоса, клубтағы спорттық медицина мен дене дайындығы бағыттарында жұмыс үдерістерінің қалай ұйымдастырылғанына ерекше назар аударады.

Даниил Пичкарев, «Шахтер» академиясының стратегиялық даму жөніндегі менеджері:
«„Боруссияның“ Қарағандыға келуі – біз үшін үлкен мүмкіндік. Біз Германиядан келген әріптестерімізге академияны дамыту жоспарларымызды және Қарағанды облысындағы жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталған бірлескен стратегиямызды таныстырдық. Freedom QJ League All Star матчынан кейін осындай деңгейдегі клубтың бізбен ынтымақтастық мәселесін талқылауды жалғастыруы „Боруссияның“ Қазақстан нарығында болашағы бар екенін көрсетеді. Біз диалогқа ашықпыз және бұл серіктестік жас ойыншыларымызға жаңа мүмкіндіктер береді деп үміттенеміз».


Туран
Шахтёр


