Клуб жаңалықтары

21 August, 19:56

«ШАХТЕРДІҢ» ҚАТАРЫНАН КЕЛГЕН ОН ЕКІНШІ ЖЕҢІСІ!

Бірінші лиганың 19-турындағы матчта футболдан «Шахтер» клубы елордалық «Астана» Ж командасын 4:0 есебімен сенімді жеңді.

Ойынның алғашқы минуттарынан-ақ қарағандылықтар бастаманы өз қолдарына алып, шабуылға белсене кірісті. «Шахтердің» негізгі құрамында Игорь Шацкий (к), Руслан Белобородый, Лев Скворцов, Қасымжан Таипов, Нурали Азатказы, Александр Мигунов, Данила Васильченко, Андрей Ульшин, Мирас Көбеев, Диас Қалыбаев және Артем Литош алаңға шықты.

Алғашқы голды Артем Литош ұйымдастырды. Шабуылшы қарсыласынан допты тартып алып, қорғанысты бұзып өтіп, оң қапталға ығысып, айып алаңындағы алыс бұрышқа дәл пас берді. Осы мүмкіндікті Диас Қалыбаев сәтті пайдаланып, допты қақпаға бағыттады - 1:0.

Көп ұзамай қарағандылықтар есеп айырмасын еселей түсті. Александр Мигуновтың дәл пасынан кейін Артем Литош шабуылды сәтті аяқтап, есепті 2:0-ге жеткізді.

Бірінші таймның соңына дейін «кеншілер» ойын барысын бақылауда ұстады. Команда капитаны Игорь Шацкийдің ойынын ерекше атап өткен жөн. Ол қауіпті сәттерде сенімді ойнап, қарсыласқа есеп айырмасын қысқартуға мүмкіндік бермеді.

Екінші таймда қарағандылықтар «Астана» Ж қақпасына қысымды жалғастырды. 51-минутта Диас Қалыбаев матчтағы екінші голын соғып, командасының басымдығын 3:0-ге жеткізді.

75-минутта қонақтар өздерінің айып алаңында ереже бұзды. Бас төреші пенальти белгіледі. Андрей Ульшин он бір метрлік айып добын дәл орындап, есепті 4:0-ге жеткізді.

Кездесу соңына дейін «Шахтер» шабуылын жалғастырып, ойын тізгінін өз қолында ұстады. Қорытынды есеп - 4:0.

Бұл жеңіс қарағандылықтардың қатарынан он екінші жеңісі болды! «Шахтер» Бірінші лиганың турнирлік кестесінде көш бастап келеді.

 

 

 

Наверх