«Шахтер» ФК өкілдері Freedom QJ League жасөспірімдер футбол лигасының өткен маусымындағы ең жарқын жас ойыншыларының бірі Глеб Макридовпен бірге Қарағанды қаласындағы №6 орта мектепте арнайы кездесу өткізді. Бұл шара - жас ұрпақты спортқа баулу мен салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған игі бастамалардың бірі болды. Кездесу аясында клуб өкілдері мектепке футбол және волейбол доптарын тарту етіп, балалар спортының дамуына нақты қолдау көрсетті. Оқушылар мен ұстаздар қауымы қонақтарды үлкен құрметпен, шынайы қуанышпен қарсы алды. Кәсіби спортшымен жүздесу көптеген оқушыға ерекше әсер сыйлап, олардың спортта да, білім жолында да жаңа белестерді бағындыруына жігер берді. Бұл кездесудің мәнін арттыра түскен тағы бір жайт - аталмыш мектепте клуб академиясының жас футболшылары білім алады. Сондықтан өз тәрбиеленушілері оқитын білім ордасына қолдау білдіріп, оның материалдық-техникалық базасын нығайту «Шахтер» өкілдері үшін ерекше маңызға ие болды. Болашақ спортшылардың қалыптасуына жағдай жасау — клубтың ғана емес, тұтас өңірдің болашағына жасалған инвестиция. Мұндай игі шаралар Қарағанды футбол клубының әлеуметтік жауапкершілікті басты құндылықтарының бірі ретінде қарайтынын айқын көрсетеді. Жас ұрпақты қолдау, бұқаралық спортты дамыту және қоғаммен тығыз байланыс орнату - клуб қызметінің маңызды бағыттарының бірі. «Біздің клуб үшін әлеуметтік жауапкершілік - жай ғана ұран емес, күнделікті атқарылатын жұмыстың ажырамас бөлігі. Мектеп қабырғасында баланың мінезі қалыптасып, тәртібі шыңдалып, алғашқы армандары қанат қағады. Академия тәрбиеленушілері білім алып жатқан оқу ордасына қолдау көрсету - біз үшін үлкен мәртебе. Осындай кездесулер балаларға шабыт сыйлап, өз күшіне сенуге жетелейді. Біз қоғаммен бірлесе жүзеге асатын игі бастамаларға әрдайым ашықпыз. Себебі бүгінгі жас ұрпаққа жасалған қамқорлық - ертеңгі ел болашағына салынған берік негіз», — деді «Шахтер» ФК медиадиректоры Бекежан Ардақұлы.

Шахтёр
Түркістан
