Клуб жаңалықтары

31 August, 11:25

«ШАХТЁР» ФУТБОЛ КЛУБЫ КЕНШІЛЕР КҮНІ ҚАРАҒАНДЫЛЫҚТАРҒА МЕРЕКЕЛІК КӨҢІЛ-КҮЙ СЫЙЛАДЫ

Кеншілер күні «Шахтёр» футбол клубы қарағандылықтарға ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Орталық саябақтың бас алаңында Қарағанды тұрғындары үшін маңызы зор мерекелердің біріне арналған салтанатты іс-шара өтті.

Кештің басты оқиғаларының бірі - «Шахтёр» командасын ұлықтау рәсімі болды. Футболшылар жаттықтырушылар штабымен бірге толық құрамда сахнаға көтерілді. Команданы бас бапкер Андрей Финонченко бастап шықты.

Клуб атынан жанкүйерлерге команда капитаны Игорь Шацкий: «Клуб атынан барша қарағандылықтарды қала тұрғындары үшін маңызды мереке - Кеншілер күнімен құттықтаймын! Кеншілер өңіріміздің дамуына орасан зор үлес қосып келеді. Сондай-ақ командамызға көрсетіп жүрген қолдауларыңыз үшін баршаңызға алғыс айтқым келеді. Біз бұл қолдауды бүкіл маусым бойы сезіндік. Премьер-лигаға қайта оралуымыз - баршамыздың ортақ еңбегіміздің нәтижесі. Алда бізді әлі талай жеңіс күтіп тұр! - деді.

Команданы марапаттау барысында футболшыларға клубтың басты жанкүйері әрі иесі, Freedom Holding Corp. басшысы Тимур Турлов та үндеу жолдады. Тимур Русланұлының клуб өміріне белсенді араласатынын атап өткен жөн. Ол команданы үнемі қолдап, матчтарына қатысып, «Шахтёрға» жан-жақты қолдау көрсетіп келеді. Футболшыларға бейнебайланыс арқылы жолдаған құттықтауында Тимур Турлов: «Шахтёр»! Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралуыңызбен құттықтаймын! Сіздер маусымды керемет өткіздіңіздер, өте жоғары деңгейде ойын көрсетіп, сіздерден күткен нәтижелерден әлдеқайда асып түстіңіздер. Бұл жетістікке шын мәнінде лайық екендеріңізге сенемін.

Алда бізді үлкен әрі керемет болашақ күтіп тұр. Қазір сол болашақтың іргетасына алғашқы кірпіштерді бірге қалап жатырмыз. Еурокубоктардағы жеңістер де алыс емес екеніне сенімдімін.

Алайда ол үшін біз тек дамып, ойнап қана қоймаймыз. Біз болашақта футболшылардың тұтас буыны өсіп шығатын үлкен әрі заманауи академия құрамыз. Туған қаламыз бен облысымыздың инфрақұрылымын дамытамыз. Клубтың ұзақ мерзімді тұрақты дамуына бірге инвестиция саламыз.

Бұл - алғашқы қадамдар ғана екеніне сенімдімін. Мен сіздерге үлкен үміт артамын. Сіздер жарадыңыздар! Үлкен, керемет жұмыс атқардыңыздар. Сіздерге тек ең үздік жетістіктерді тілеймін.

Баршаға «Шахтёрдың» - жеңіске жету және әрдайым жоғары нәтижелер көрсету үшін дүниеге келген, тарихы терең, аңызға айналған керемет клуб екенін дәлелдейік!

Алға, «Шахтёр»! Алға, Қарағанды! - деді Тимур Турлов.

Кеш қонақтары үшін күтпеген сыйдың бірі - «Шахтёр» командасының ойыншысы Арман Нусиптің өнер көрсетуі болды. Ол Дима Биланның «Я твой номер один» әнін орындап, өзінің футболдағы шеберлігімен қатар, тамаша вокалдық қабілетін де көрсетті.

Музыкалық бағдарламаны танымал қазақстандық әнші Марат Бекишев жалғастырды. Онымен бірге қарағандылық жанкүйерлер көпшіліктің сүйікті әніне айналған «Алға, «Шахтёр»!» әнін бірге шырқады.

Мерекелік кеш бір алаңда футболшыларды, жанкүйерлерді және қала тұрғындарын біріктірді. Бұл кеш тағы бір мәрте Қарағанды үшін «Шахтёрдың» жай ғана футбол клубы емес, кеншілер өлкесінің тарихы, мінезі мен жанының бір бөлігі екенін көрсетті.

 

Наверх