Клуб жаңалықтары

3 September, 20:12

ҚАЛЫБАЕВ, ЛИТОШ, ЛИТОШ, ҚАЛЫБАЕВ

Бірінші лиганың 21-туры аясында «Шахтер» футбол клубы «Хан-Тәңірі» командасын 4:0 есебімен ірі есепте жеңді.

«Шахтердің» негізгі құрамында Игорь Шацкий (к), Александр Мигунов, Қасымжан Таипов, Нұрали Азатқазы, Данила Васильченко, Руслан Белобородый, Лев Скворцов, Андрей Ульшин, Мирас Көбеев, Диас Қалыбаев және Артём Литош алаңға шықты.

«Шахтер» Премьер-лигаға жолдаманы өткен турда қамтамасыз еткен болатын. Дегенмен команда Бірінші лиганың алтын медальдары үшін күресін жалғастыруда.

Ойынның 17-минутында Диас Қалыбаев айып алаңының сыртынан алыстан соққы жасап, қонақтар қақпашысын қапы қалдырды. Жоғары траекториямен ұшқан доп қақпаның сол жақ жоғарғы бұрышынан табылды - 1:0.

25-минутта Бірінші лиганың үздік сұрмергені Артём Литош кезекті голын соқты. Ал екінші таймның 49-минутында Артём тағы да мергендік танытып, чемпионаттағы голдарының санын 21-ге жеткізді.

71-минутта «кеншілер» жылдам қарсы шабуыл ұйымдастырып, оны Диас Қалыбаев нәтижелі аяқтады. Осылайша Диас дубль авторы атанды.

Қорытынды есеп — 4:0!

Бұл «Шахтердің» қатарынан 14-ші жеңісі. Қарағандылық клуб бір маусымда қатарынан ең көп жеңіске жету көрсеткіші бойынша Бірінші лиганың жаңа рекордын орнатты.

 

Наверх