Қазақстан футболында бұрын аса дамымаған жаңа бағыттардың бірі — скауттық жұмыс болды. Еуропаның кәсіби клубтарында скаутинг институты әлдеқашан дамудың негізі саналады, ал отандық футболда бұл жүйе енді ғана қалыптасып келеді. Осы бағыттағы «Шахтердегі» жұмыс туралы клуб скауты, қарағандылық футболдың аңызы, тәжірибелі бапкер Руслан Маратович Иманқұлов айтып берді. Оның сөзінше, қазіргі заманғы скаут — тек «талантты балаларды іздейтін адам» емес. Бұл — селекцияға, талдауға, футболшының болашағын болжауға және команданың келешегін қалыптастыруға жауапты маман.
— Бүгінде бір уақытта алты матч өтіп жатуы мүмкін, сен олардың барлығын көріп, талдап, клубқа әлеуетті түрде сай келетін ойыншыларды анықтауың керек. Он күн ішінде шамамен 120 матч көруге болады. Бұл — үлкен шоғырлануды, тәжірибені және футболды терең түсінуді талап ететін ауқымды жұмыс, — дейді Руслан Иманқұлов.
Скауттың басты міндеті — талантты байқау ғана емес, жас футболшының қазіргі футбол талаптарына бейімделе алатынын, бәсекеге төтеп беріп, кәсіби ойыншы деңгейіне көтеріле алатынын анықтау.
Клубта «Шахтер» академиясына ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда балалар сегіз жастан бастап жаттығады. Одан әрі олар жасөспірімдер және жастар командалары арқылы негізгі құрамға дейінгі ұзақ жолдан өтеді. Руслан Иманқұловтың айтуынша, жасөспірімдермен жұмыс тек кәсіби білімді ғана емес, сонымен қатар психологиялық тұрғыдан дұрыс тәсілді талап етеді.
— Әсіресе өтпелі жаста баламен дұрыс байланыс орнату өте маңызды. Бұл кезеңде атмосфера, сенім және жаттықтырушылар мен мамандардың қарым-қатынасы шешуші рөл атқарады. Футбол тәртіпті, жауапкершілікті, мінезді тәрбиелейді. Ол балаларды әлеуметтік тұрғыдан өзгертіп, тұлға ретінде қалыптастырып, өз жолын табуға көмектеседі, — деп атап өтті ол.
Қазіргі футбол ойыншылардан тек талантты ғана емес, одан да көп қасиеттерді талап етеді. Бүгінде скауттар тұрақтылықты, ойындық ойлауды, төзімділікті, креативтілікті, тактикалық сауаттылықты, допты бақылауды, шешім қабылдауды және жоғары қарқында әрекет етуді бағалайды.
— Қазір заманауи ойыншының тактикалық бейнесі маңызды. Кейде бала өте талантты болады, бірақ бәрі бірдей ашыла бермейді. Мұнда футболшының мінезі, еңбекқорлығы және, әрине, жаттықтырушының рөлі үлкен әсер етеді, — дейді Иманқұлов.
Клуб үшін тағы бір жаңа бағыт — ойыншыларды монетизациялау. Бұрын қазақстандық клубтар негізінен тек спорттық нәтижеге бағытталса, бүгінде ойыншыларды инвестициялық актив ретінде дамытуға көбірек мән беріледі. Скауттар болашақта команданы күшейтіп қана қоймай, басқа клубтардың қызығушылығын тудыратын футболшыларды іздейді. Алайда бұл жұмыс әрдайым тәуекелмен байланысты.
— Биыл әкелінген он бір ойыншының үшеуі әзірге бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Барлығы бірдей ойнап кетпейді — бұл қалыпты жағдай. Футболда жүз пайыз кепілдік беру мүмкін емес. Сондықтан селекция ең күрделі салалардың бірі саналады, — дейді маман.
Болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды іздеу үшін көптеген турнирлер, аймақтық іріктеулер мен жастар жарыстары өткізіледі. Скауттар сол жарыстарға тұрақты түрде қатысып, клубтың болашақ резервін қалыптастырады.
Соңғы жылдары Қазақстанда нағыз футболдық серпіліс байқалады. Бұған Тимур Турловтың бастамасымен құрылған жаңа форматтағы жастар турнирі — QJ League айтарлықтай әсер етті. Бүгінде QJ League елдегі балалар мен жасөспірімдер футболындағы ең заманауи жобалардың бірі саналады. Турнир кәсіби стандарттарға сай ұйымдастырылып, ересектер футболының барлық элементтерін қамтиды: дайындық микроциклдері, сапалы логистика, сапарлар, командалардың жайлы жағдайда тұруы, толыққанды тамақтану, медициналық сүйемелдеу, процестерді цифрландыру, қауіпсіздік және цифрлық платформалардағы кең көлемді ақпараттық қамту.
Дәл осы тәсіл бүгінде «Шахтер» ФК құрылымына да енгізілуде. Клубта заманауи академия мен жаңа футбол алаңдарының құрылысы жүргізіліп жатыр, жаттықтырушылар мен мамандар үшін қолайлы жағдай жасалуда, ойыншыларды даярлаудың заманауи әдістемелері енгізілуде. Балалар мен жастар секторына ерекше назар аударылады.
Сонымен қатар скауттық жұмыс — клуб трансформациясының бір ғана бағыты. Құрылымда аналитиктер, медиамамандар, спорт психологтары, цифрлық технологиялар және ойыншыларды сүйемелдеу бойынша мамандар пайда болуда.
Мұның барлығы клубтың мүлде жаңа басқару моделіне көшіп жатқанын көрсетеді. Бұл модельде футбол тек спорттық нәтиже емес, сонымен бірге адамды, инфрақұрылымды және кәсіби ортаны дамытуға бағытталған кешенді жүйе ретінде қарастырылады.
Бүгінде қазақстандық футболдың дамуына жаңа серпін беретін күш — жеке инвестициялар деген пікір жиі айтылады. Ал «Шахтер» футбол клубының мысалы дұрыс тәсіл қолданылған жағдайда жекеменшік клубтың тек спорттық жоба ғана емес, жаңа буын футболшылар мен мамандарды даярлайтын толыққанды платформаға айнала алатынын көрсетеді.
Қарағанды клубында болып жатқан өзгерістер — үлкен жолдың бастамасы ғана. Дегенмен қазірдің өзінде басты назар ұзақ мерзімді дамуға, заманауи технологияларға, кәсіби менеджментке және балалармен жүйелі жұмысқа аударылып отырғаны анық. Демек, қазақстандық футболдың академиялар, инфрақұрылым, мамандарды даярлау және жас ойыншыларға сенім арқылы жаңа деңгейге көтерілуіне мүмкіндік пайда болып отыр.

Шахтёр
Елимай Ж
