Іс-шараға Freedom Holding Corp. бас атқарушы директоры Тимур Турлов және Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.
Бұған дейін Freedom Holding Corp. компаниясының «Шахтер» футбол клубын сатып алғаны белгілі болған еді. Футбол клубтарын жекешелендіру Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда.
«Шахтер» клубын Freedom Holding Corp. меншігіне беру барлық заң талаптарына сай өтті: мүлікке кешенді бағалау жүргізіліп, қоғамдық тыңдаулар ұйымдастырылды, содан кейін ғана клуб сауда-саттыққа шығарылды.
Өзінің құттықтау сөзінде Тимур Турлов клубты сатып алуға қатысты барлық әкімшілік-бюрократиялық рәсімдердің толық аяқталғанын атап өтті. Ол холдинг клубтың болашағына сенім білдіріп, оны жүйелі түрде дамытуға ниетті екенін жеткізді.
Аталған мақсатқа жету үшін жүзеге асырылуы жоспарланған бірнеше негізгі қадамдар белгіленді. Басым бағыттар ретінде жергілікті жастарға бағытталған сапалы селекциялық қызметті қалыптастыру, жұмысында заманауи цифрлық құралдарға сүйенетін аналитикалық бөлімді іске қосу, сондай-ақ медициналық бөлімді жаңғырту көзделіп отыр.
«Біз аңызға айналған клубты қайта жаңғыртып, оның жұмысын жаңа деңгейге шығарамыз және жаңа жеңістерге жетуге ұмтыламыз, оның ішінде еурокубоктарда да. Қазір клубтың айналасында қалыптасып жатқан команда қазақстандықтардың мақтанышына айналатын нәтижеге қол жеткізетініне сенемін. 2026 жылы бізді ауқымды жұмыс күтіп тұр, бірақ тағы да атап өткім келеді: біз жылдам әрі сырттай әсер қалдыратын жетістіктерге ұмтылмаймыз. Біз ұзақ мерзімді, жүйелі жұмысқа басымдық береміз», – деді Тимур Турлов.
«Бүгін біз клубты жаңа инвесторға беру туралы келісімге қол қойып отырмыз. Мемлекет басшысының футбол клубтарын жекешелендіру жөніндегі тапсырмасын орындай отырып, біз спортты басқару философиясын да түбегейлі өзгертіп жатырмыз - ашықтық, жауапкершілік және тұрақты даму қағидаттарына негізделген жаңа бағытқа бет бұрдық. Қазірдің өзінде балалар мен жасөспірімдер футболындағы нақты өзгерістерді көріп отырмыз. Тимур Русланұлының бастамасының арқасында Freedom QJ League белсенді түрде дамып келеді. Бұл - ашық іріктеу мен адал бәсекеге негізделген жүйе, ол дарынды ойыншыларды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Мұның барлығы жас футболшыларды даярлаудың мүлде жаңа мәдениетін қалыптастырады», – деп іс-шара барысында Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысушыларға үн қатты.
Сондай-ақ жиында «Шахтер» футбол клубының жаңа бас бапкері таныстырылды. Бұл қызметке Қазақстандағы ең лауазымды мамандардың бірі Дмитрий Огай тағайындалды. Ол жаттықтырушылық мансабында екі рет Қазақстан чемпионатын жеңіп алып, бірнеше мәрте жүлделі орындарға ие болған. Сондай-ақ Қазақстан Кубогы мен Еуропаның Интертото кубогының иегері.
«Осындай ауқымды әрі жоғары жобаның бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Біз «Шахтерді» бұрынғы биігіне қайта шығару үшін бар күшімізді саламыз. Бай тарихы бар клуб қайтадан Премьер-лига медальдары үшін күресіп, еурокубоктарда ойнауға әбден лайық. Бұл жолда бізге дарынды жергілікті жастар үлкен көмек көрсететініне сенемін. Алда атқарылар жұмыс көп, маусымаралық кезеңді барынша тиімді пайдалануға тырысамыз. Клуб басшылығына көрсеткен сенімі үшін алғыс айтамын», – деді Дмитрий Огай.
Айта кетейік, 2023 жылдан бері Тимур Турлов Қазақстандағы жасөспірімдер мен қыздар командалары үш жас санаты бойынша сынға түсетін Freedom QJ League футбол лигасының қамқоршылық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді.
Freedom QJ League екі жыл қатарынан Metaratings Top Awards нұсқасы бойынша «Жылдың үздік спорт ұйымы» атанса, соңғы салтанатты рәсімде Тимур Русланович «Үздік спорт менеджері» марапатына ие болды. Сонымен қатар лига Altyn Adam Sport Marketing сыйлығының бірнеше дүркін жеңімпазы атанған.
Freedom QJ League жасөспірімдер футболына «ақылды» камералар, Wyscout жүйесі және басқа да заманауи құралдарға қолжетімділік сияқты озық технологияларды белсенді түрде енгізіп келеді. Лига әзірлеген FF Manager жаттықтырушыларға арналған цифрлық платформасы Tagline Awards, MARSPO Awards және Workspace Digital Awards секілді беделді халықаралық digital-премияларда бірнеше мәрте үздік атанды.
Тамыз айында Тимур Русланұлы Қарағанды облыстық футбол ассоциациясының (QOFA) президенті болып сайланды. Ол бұл қызметте бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамыту мен кеңінен танымал ету бағыттарын негізгі басымдық ретінде белгіледі. Осы мақсатта ALGA! мектеп жобасы, Freedom Balalar Futbol Ligasy облыстық біріншілігі, сондай-ақ жаттықтырушылар мен дене шынықтыру мұғалімдерінің біліктілігін арттыруға арналған бастамалар жүзеге асырылуда. 2029 жылға қарай QOFA жобалары 40 мыңнан астам адамды қамтиды деп жоспарланып отыр.
Сонымен қатар Freedom Holding Corp. Қарағандыда жасөспірім ұлдар мен қыздарға арналған заманауи футбол академия-интернатын, 3 500 орындық стадионды, жабық манежді және толық өлшемді жаттығу алаңын салу жұмыстарын жүргізуде.
Академия құрылысына бөлінген учаскенің жалпы аумағы 9,61 га, ал ғимараттар мен құрылыстардың жалпы ауданы 28 мың шаршы метрден асады. Жобаның құны 12 млрд теңге көлемінде бағаланып отыр және ол толықтай холдинг қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Шахтёр
Түркістан



