QJ League турнирінің ең үздік ойыншыларынан құралған құрам Испанияның әйгілі «Атлетико Мадрид» академиясының тәрбиеленушілеріне қарсы алаңға шықты. Жұлдыздар құрамасының тізгінін «Шахтёр» U-17 командасының бапкері Игорь Александрович Солошенко ұстады. Ол еуропалық жастар командасына лайықты қарсылас бола алатын ұйымшыл ұжым жасақтай алды.
Жұлдыздар құрамасына «Шахтёр» U-18 командасының ойыншылары: Глеб Макридов, Василий Леонтьев, Нурхан Казазбаев, Илья Гезик және Найман Сатенов шақырылды. Өкінішке қарай, Найман «Тараз» U-18 командасына қарсы өткен ішкі матчта жарақат алып, маңызды ойында алаңға шыға алмады. Сонымен қатар, QJ League құрамының бапкерлік штабына «Шахтёр» жастар командаларының әкімшісі Станислав Ведлер де шақырылды.
Матч футбол жанкүйерлерінің үлкен қызығушылығын тудырып, «Хан-Тәңірі» стадионы толықтай толды. Ойын басталар алдында жанкүйерлер мен көрермендерге Қазақстан футбол федерациясының президенті Марат Омаров, Испанияның Қазақстан Республикасындағы елшісі Франсиско Мартинес Монтес, Freedom QJ League Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Тимур Турлов, Қазақстандағы «Атлетико Мадрид» академиясының жетекшісі Шалқар Нұртөлеу және Лиганың президенті Рохус Шох сөз сөйледі.
Тартысты да әсерлі өткен матч 1:1 есебімен тең аяқталды. Қорғаушы Василий Леонтьев бүкіл 90 минут бойы алаңда ойнаса, Глеб Макридов екінші таймда алмастыру арқылы ойынға қосылды.
«Шахтёр» өкілдерінің осындай беделді шараға қатысуы клубтағы ойыншылар дайындығының жоғары деңгейде екенін дәлелдеді. Жас футболшылар үшін бұл – халықаралық мықты қарсыласпен ойнауға берілген үлкен мүмкіндік. Жұлдыздар матчы Қазақстан мен Испания арасындағы спорттық байланысты нығайтып, көрермендер мен қатысушылар үшін нағыз футбол мерекесіне айналды.