Матчтың алғашқы минуттарынан бастап «кеншілер» сапында Артем Назаров, Арлан Алтыбаев, Расул Габбасали, Мухамеджан Бакытжан, Арлан Ораз, Диниал Канашжанов, Максим Бонет, Әділет Бораналы (к), Темірлан Байбулатов, Алихан Карим және Тимур Дамирулы алаңға шықты.
Кездесуді алаң иелері өте белсенді бастады және бірден ойын тізгінін өз қолдарына алды. Алғашқы таймның өзінде «Шахтер» бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды: бір сәтте қонақтарды қақпа бағанасы құтқарса, тағы бір эпизодта доп маңдайшаға тиді. Сонымен қатар қарсылас қақпашысы бірнеше рет өз командасын голдан аман алып қалды.
27-минутта қарағандылықтардың қысымы нәтижесін берді. Оң қапталдан жасалған пастан кейін Темірлан Байбулатов айып алаңында әуедегі допқа бірінші жетіп, баспен дәл соққы жасап, есеп ашты — 1:0.
Екінші таймда «кеншілер» ойын тізгінін уыстарынан шығармай, шабуылдарын жалғастырды. Ал 65-минутта Тимур Дамирулы сәтті шабуылды нәтижелі аяқтап, командасының басымдығын еселей түсті — 2:0.
Бұл жеңіс «Шахтер» U-16 командасы үшін QJ League маусымындағы қатарынан алтыншы жеңіс болды. Сәтті серияның арқасында қарағандылық ұжым турнирлік кестеде жеке-дара көш бастады.

Шахтёр
Ақтобе Жас
