Шымкентте ойнау әрдайым оңай емес. Бұл қалада дәстүрлі түрде жоғары мақсат қоятын, техникалық жағынан мықты командалар өнер көрсетеді. Оған қоса, қонақ командаларға аптап ыстық ауа райына да бейімделуге тура келеді. Соған қарамастан, «кеншілер» мінез танытып, чемпионатта үшінші орында келе жатқан қарсыласын тізе бүктірді.

«Шахтердің» негізгі құрамында алаңға Арслан Қуандықов, Мәди Құдайберген, Абылай Тоқтасын, Ярослав Туницкий (к), Елдар Жолдықанов, Айдар Қуанышбек, Әмір Оспанов, Владислав Солошенко, Тимур Казанцев, Никита Духов және Артем Лящук шықты.

Бірінші тайм тең дәрежедегі тартысты ойынмен өтті. Екі команда да сақтық танытып, қорғанысқа басымдық берді. Алғашқы тайм голсыз аяқталатын сияқты көрінген сәтте «Шахтер» бұрыштама добын орындау мүмкіндігіне ие болды. Осы сәтті ұтымды пайдаланған Абылай Тоқтасын баспен дәл гол соқты.

Екінші таймда «Шахтер» өз ойынын жалғастырып, қарсыласына мүмкіндік берген жоқ. Қақпада Арслан Қуандықов сенімді ойын көрсетті. Матчтың 70-минутында Әмір Оспанов пенальтиден есеп айырмасын ұлғайтса, 85-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Рапильбек қарсылас қақпасына үшінші голын соқты. Алаң иелері тек қосымша уақыттың екінші минутында бір гол соғумен шектелді.
Бұл жеңіс Рафаэль Хамидуллов шәкірттеріне чемпионаттағы жекедара көшбасшылықты сақтап қалуға мүмкіндік берді.

Шахтёр
Жайық

