Семинарлардың спикерлері ретінде QJ League-ның спорттық-аналитикалық блогының сарапшылары сөз сөйлеп, жас футболшыларды дамыту мен жаттығу процесін ұйымдастырудың өзекті тәсілдерін таныстырды. Теориялық сабақтар барысында ойыншылардың модельдік сипаттамалары, микроциклдер мен жаттығу сабақтарын құрастыру, техникалық-тактикалық әрекеттерді талдау, фитнес-дайындық, сондай-ақ спортшыларды даярлаудың әртүрлі кезеңдеріндегі негізгі міндеттер қарастырылды.

Бағдарламада футболдағы заманауи цифрлық технологияларды қолдануға ерекше көңіл бөлінді. Жаттықтырушыларға матчтар мен жаттығу процесін кешенді талдауға мүмкіндік беретін FF Manager платформасы мен BigBro жүйесінің мүмкіндіктері таныстырылды. Сонымен қатар қатысушылар Freedom Telecom және BigBro компанияларымен бірлескен жоба аясында стадиондарға орнатылған Pixellot «ақылды» камераларының жұмысымен танысты. Бұл құралдар аналитикалық жұмыстың сапасын арттырып, командалардың дайындық тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді.
Семинардың жеке бағыты ретінде болашағынан зор үміт күттіретін футболшыларды дамытуға және жас таланттарды бағалау мен сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыруға арналған «Болашақ ойыншысы» бағдарламасы таныстырылды.
Іс-шараның екінші күні жаттықтырушылар теориядан тәжірибеге көшті. Футбол алаңында практикалық сабақтар өткізіліп, қатысушылар жаттығу процесін жоспарлау мен өткізудің заманауи әдістерін пысықтап, өздерінің микроциклдері мен жаттығу бағдарламаларын таныстырды.

Семинар жұмысына «Шахтер» академиясының жаттықтырушылары қатысты. Іс-шара қорытындысы бойынша «Шахтер» U-18 командасының бас бапкері Игорь Александрович Солошенко өз әсерімен бөлісті:
«Өте нәтижелі жұмыс атқарылды, жағымды атмосфера қалыптасты. Оқу интерактивті форматта өтіп, дәрістік және практикалық сабақтарды қамтыды. Біз тәжірибе алмасып, өз микроциклдерімізді таныстырдық, ойыншыларды даярлаудың заманауи тәсілдерін талқыладық. Барлығы іскерлік және конструктивті жағдайда өтті, әр қатысушы өзіне қажетті жаңа білім мен пайдалы ақпарат алды».

Осындай білім беру жобаларына қатысу «Шахтер» академиясының жаттықтырушыларына кәсіби біліктілігін тұрақты түрде жетілдіруге, заманауи даярлық әдістерін енгізуге және клубтың жас футболшыларының дамуы үшін барынша тиімді жағдай жасауға мүмкіндік береді.


Шахтёр
Елимай Ж
