Қосалқы құрамының жаңалықтары

5 August, 19:03

БІР МАТЧТА ҮШ ДУБЛЬ ЖӘНЕ ХЕТ-ТРИК

Екінші лиганың 17-туры аясында «Шахтер» Ж өз алаңында талдықорғандық «Жетісу» Ж командасын 10:0 есебімен ойсырата жеңді.

«Шахтер» U-21 командасының негізгі құрамында алаңға Никита Килджиев, Максим Холод (к), Ален Айманов, Али Ақылбаев, Алан Азамат, Сұлтан Шымырхан, Расул Әкімов, Әлихан Исраилов, Тағир Сәкенов, Марк Богачев және Мансур Ділмұрат шықты.

Матчтағы есепті 15-минутта айып добын шебер орындаған Тағир Сәкенов ашты. Ал 24-минутта Әлихан Исраилов командасының басымдығын еселей түсті.

Үзілістен кейін «Шахтер» қарсыласына еш мүмкіндік берген жоқ. 59-минутта Сұлтан Шымырхан оң қапталмен тамаша өтіп, Ален Аймановқа дәл пас шығарды. Айманов өз мүмкіндігін мүлт жібермей, есепті 3:0-ге жеткізді. Араға 11 минут салып, Сұлтанның өзі қапталдан асырылған допты баспен дәл бағыттап, төртінші голдың авторы атанды.

72-минутта бұрыштамадан көтерілген допты Тағир Сәкенов баспен қақпаның алыс бұрышына дәл бағыттап, дубль авторы атанды — 5:0. Үш минуттан кейін Ален Айманов та дубль жасады. 77-минутта Сұлтан Шымырхан екінші голын соқса, 81-минутта Әлихан Исраилов та дублін рәсімдеді.

84-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Ерасыл Амалбаев есепті 9:0-ге жеткізді. Ал араға бір минут салып, Сұлтан Шымырхан матчтағы үшінші голын соғып, хет-трик авторы атанып, ойынның қорытынды есебін белгіледі - 10:0.

Қорытындысында «Шахтер» 10:0 есебімен жарқын жеңіске жетті. Бұл кездесуде Тағир Сәкенов, Ален Айманов және Әлихан Исраилов дубль авторлары атанса, Сұлтан Шымырхан хет-трикпен көзге түсті.

 

 

Наверх