Кездесудің алғашқы минуттарынан-ақ «Шахтер» бастаманы өз қолына алып, қарсылас қақпасына қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. 37-минутта есепті Андрей Ульшин ашты. Әдемі комбинациядан кейін Диас Қалыбаев өкшемен допты әріптесіне шығарып берді, ал Андрей мүмкіндігін мүлт жібермей, дәл соққы жасады - 1:0. Голды атап өткен Андрей жейдесінің астындағы «Еңбектеріңізге рахмет!» деген жазуды көрсетті. Бұл - Қарағандының талай жылдық тарихымен тағдыры тамырлас кеншілерге деген алғыстың белгісі.

Ал бірінші таймның соңына қарай «кеншілердің» арнайы дайындаған тәсілі өз нәтижесін берді. Данила Васильченко допты ауттан ойынға қосқаннан кейін, доп қарсылас айып алаңына жетті. Қорғаушылар допты сыртқа шығаруға тырысқанымен, оған бірінші болып Нұрхан Қағазбаев жетті. Жас футболшы айып алаңынан тыс жерден қуатты соққы жасап, допты қақпаға дарытты - 2:0!

Екінші таймда «Шахтер» ойын барысын бақылауда ұстап, қарсылас қақпасына шабуылын жалғастырды. 70-минутта алаңға қосылған Артем Литош есепті 3:0-ге жеткізді. Шабуылшы үшін бұл гол чемпионаттағы 19-шы гол болды.

Қорытынды ысқырық «кеншілердің» сенімді жеңісін және ең бастысы — «Шахтердің» Қазақстан Премьер-лигасына мерзімінен бұрын оралғанын тіркеді!

Семейдегі жеңістің тағы бір ерекшелігі — нәтижеге клуб сенім артып жүрген жас футболшылардың да үлес қосуы. Бұл кездейсоқ жетістік емес, басшылықтың жүйелі жұмысы мен жас ойыншыларды дамытуға бағытталған таңдалған стратегиялық курстың нәтижесі.

Қарағанды, қарсы ал! «Шахтер» Премьер-лигаға қайта оралды!


Елимай Ж
Шахтёр


