- «Боруссия» (Мёнхенгладбах) делегациясының сапары Қарағанды клубының академиясын дамыту үшін қаншалықты маңызды?
Сергей Якушин: Ең алдымен, клуб ретінде біз халықаралық бағытты дамытуға мүдделіміз және оның маңызын түсінеміз. «Боруссия» (Мёнхенгладбах) өкілдерінің сапары — осы бағыттағы қадамдардың бірі.
Қазір біз әлеуетті серіктестермен ынтымақтастық орнату мүмкіндіктерін зерделеп, өзара іс-қимылдың қай форматтары барынша тиімді болатынын және нақты қандай бағыттар бойынша бірлесіп жұмыс істей алатынымызды анықтап жатырмыз.
- Неміс клубының өкілдерімен кездесулер қалай өтуде? Қонақтарға қандай нысандарды таныстырып, клуб жұмысының қандай аспектілерін бірінші кезекте талқылап жатырсыздар?
Сергей Якушин: Біз неміс әріптестерімізді футбол инфрақұрылымымызбен таныстырып, салынып жатқан академиямызды көрсеттік. Сондай-ақ жаттығу үдерісінің қалай ұйымдастырылғанын, ойын стиліміз бен ойын моделіміздің қандай қағидаттарға негізделетінін түсіндіреміз. Бұдан бөлек, клубтың ішкі бөлімдерінің жұмысы, олардың міндеттері және өзара іс-қимылы туралы айтып береміз. Күнделікті жұмысымыздың қалай ұйымдастырылғанын барынша егжей-тегжейлі көрсетуге тырысамыз.
Өз кезегінде неміс әріптестеріміз өз көзқарастарымен бөлісіп, «Боруссия» клубындағы жұмыс қағидаттары туралы әңгімелейді. Қазір біз ортақ тұстарымызды іздеп, қай бағыттарда бір-бірімізге пайдалы бола алатынымызды анықтап жатырмыз. Атап айтқанда, скаутинг, талантты ойыншыларды дамыту және ойын моделі мәселелерін талқылаудамыз.
- «Шахтёр» академиясының жұмысы мен жас футболшыларды даярлау жүйесінің қандай қырлары «Боруссия» өкілдерінің ерекше қызығушылығын тудырып отыр?
Сергей Якушин: Қазір біз танысу кездесулерін өткізіп жатырмыз. Неміс клубының өкілдері академиямыздағы жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын көргісі келеді. Жақында біз үлкен таныстырылым өткізіп, онда футболшыларды даярлау жүйесі мен клубты дамытудың негізгі бағыттары туралы баяндадық.
Неміс әріптестеріміз де өз тәсілдерін таныстырып, осындай үдерістердің өз клубтарында қалай ұйымдастырылғанын түсіндіруде. Біз тәжірибе алмасып, бір-бірімізге пайдалы бола алатын бағыттарды іздеп жатырмыз.
Әзірге бір ғана бағытты ерекше атап өтуге ерте, өйткені екі академияның жұмысымен танысу әлі де жалғасуда. Дегенмен қазірдің өзінде ортақ ұстанымдарымыз бар екенін байқадық. Әсіресе скаутинг, талантты ойыншыларды дамыту және ойын моделін қалыптастыру мәселелерінде ұқсастықтар бар.
- Халықаралық тәжірибе академияны дамытуда және жас футболшыларды даярлау сапасын арттыруда қандай рөл атқарады?
Сергей Якушин: Әрине, халықаралық тәжірибенің маңызы зор. Бұл бағытты дамыту қажеттігін түсінеміз. Футбол әлдеқашан қалыптасқан ойын, сондықтан велосипедті қайта ойлап табудың қажеті жоқ. Ең бастысы — озық әдістемелерді зерттеу, табысты тәжірибені меңгеру және оны өз жағдайымызға бейімдеу.
Халықаралық байланыстарды кеңейту ойыншыларымызға да, клуб мамандарына да жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл футболшыларды даярлаудың заманауи тәсілдерін меңгеруге, жаттығу үдерісін жетілдіруге және академияны жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.
- «Шахтёр» өкілдерінің «Боруссия» академиясының жұмысымен тереңірек танысу үшін Германияға жауап сапарын ұйымдастыру мүмкін бе?
Сергей Якушин: Қазір мұндай мүмкіндік қарастырылып жатыр. Неміс әріптестеріміздің қазіргі сапары — өзара танысудың маңызды кезеңі. Келесі қадам ретінде біздің Германияға сапарымыз ұйымдастырылуы мүмкін.
Бұл «Боруссия» академиясындағы жұмыстың қалай ұйымдастырылғанын тереңірек зерттеуге, жаттығу үдерісін ішінен көруге және тәжірибе алмасуға мүмкіндік берер еді. Мұндай сапарлар екі тарапқа да пайдалы болатынына сенімдімін.
- Бүгінде клубтар арасындағы одан әрі ынтымақтастықты талқылау қай кезеңде және ол «Шахтёр» академиясына қандай перспективалар ашады?
Сергей Якушин: Әзірге өзара іс-қимылымыз танысу сипатында өтуде. Біз екі академияның философиясы мен жұмыс тәсілдерін зерделеп жатырмыз. Ынтымақтастықтың нақты бағыттарын анықтап, қандай мәселелер бойынша бір-бірімізге пайдалы бола алатынымызды түсіну үшін белгілі бір уақыт қажет.
Сонымен қатар қазірдің өзінде скаутинг пен талантты футболшыларды дамыту мәселелерінде ортақ мүдделеріміз бар екені байқалады. Таныстырылым барысында ойын модельдерінің кейбір аспектілері ұқсас екенін де атап өттік. Бұл — одан әрі диалог жүргізуге және өзара іс-қимылдың нақты форматтарын іздеуге жақсы негіз.
Біз үшін ықтимал ынтымақтастықтың жай ғана формалды сипатта қалмай, екі тарапқа да нақты пайда әкелуі және «Шахтёр» академиясының ұзақ мерзімді дамуына ықпал етуі маңызды.

Шахтёр
Кайрат-Жастар
Туран


