«Шахтёр»: Қазақстанға келіп, «Шахтёр» клубына бару идеясы қалай пайда болды?
Вольфганг Хайльман: Біз «Боруссияның» скауты Маркуспен жақсы қарым-қатынас орнаттық. Оның Қазақстанда байланыс орнатқан адамдары көп, сондай-ақ елдегі көптеген азаматтармен жақсы таныс.
Шынымды айтсам, Қазақстанға алғаш рет келіп отырмын және бұған дейін жергілікті футбол туралы көп біле бермейтінмін. Алайда Маркус маған соңғы бірнеше жылда Қазақстан футболының белсенді дамып келе жатқанын айтты. Өзім көрген жағдайға қарап, бұл пікірмен толық келісемін.
Сондықтан Қазақстанға келіп, жергілікті футболмен жақынырақ танысуды және оның қалай дамып жатқанын өз көзімізбен көруді ұйғардық.
«Шахтёр»: Қала мен футбол инфрақұрылымы туралы алғашқы әсеріңіз қандай?
Вольфганг Хайльман: Қала маған футболдан кем әсер қалдырған жоқ. Қарағандының қарқынды дамып, өсіп келе жатқанын естіген едім. Мұнда маған өте ұнайтынын айта аламын.
Инфрақұрылымға келетін болсақ, әсіресе академия үшін салынып жатқан нысандарға назар аудардым. Сіздердің алға қойған жоспарларыңыз шынымен де ауқымды. Мені ең алдымен академияны дамыту, балалар мен жасөспірімдер футболы және жас ойыншылармен жүйелі жұмыс жүргізу мәселелері қызықтырады.
Біз құрылысы жүріп жатқан нысандарды аралап көрдік және атқарылған жұмыстардың ауқымына тәнті болдық. Инфрақұрылымды кезең-кезеңімен дамытып, жас футболшыларды даярлауға қолайлы жағдай жасауға ұмтылып жатқандарыңыз көрініп тұр. Қол жеткізген нәтижелеріңізді өз көзімізбен көру біз үшін өте қызықты болды.
«Шахтёр»: Ұсынылған таныстырылымнан кейін «Шахтёр» академиясының дамуы мен клубтың стратегиясына қандай баға берер едіңіз?
Вольфганг Хайльман: Менің ойымша, сіздердің даму жоспарыңыз өте жақсы. Ең маңыздысы – әрі қарай дамуға берік негіз қаланған.
Бұл жобамен жүйелі түрде жұмыс істеп келе жатқандарыңызға небәрі тоғыз ай болғанын ескерсек, осындай қысқа уақыт ішінде қол жеткізген ілгерілеулеріңіз шынымен де таңғалдырады.
Әртүрлі жас санатындағы ойыншыларды дамытуға және негізгі командаға мүмкіндігінше көбірек өз түлектеріңізді даярлауға бағытталған ұстанымдарыңыз маған жақын.
Бұл тәсіл біздің клубтың философиясымен, мақсаттарымызбен және жұмыс қағидаттарымызбен көп жағынан сәйкес келеді. Сондықтан сіздердің жобаларыңыз мені ерекше қызықтырады.
Егер ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасып, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, бірге дами алсақ, мен өте қуанышты болар едім.
Таныстырылымдарыңыз бен небәрі тоғыз ай ішінде қол жеткізген нәтижелеріңіз бізге үлкен әсер қалдырды. Осындай қысқа мерзімде шынымен де ауқымды жұмыс атқарылған.

«Шахтёр»: «Шахтёр» мен «Қайрат» академияларының U-17 және U-18 командалары арасындағы матчтардан қандай әсер алдыңыз?
Вольфганг Хайльман: Өзім көрген матчтарға сүйене отырып, «Қайрат» академиясының даму деңгейі қазірдің өзінде жоғары екенін айта аламын. Клуб бұл жобамен шамамен он жылдан бері жұмыс істеп келеді. Алаңда команданың ойын философиясы мен футболшыларды даярлау қағидаттары айқын байқалады.
Жоғарыда айтқанымдай, сіздердің жақсы жоспарларыңыз бар. Ойыншыларды жүйелі түрде дамытып, стратегияны жетілдіріп, алға қарай жылжи алатындарыңызға сенімдімін.
Егер соңғы тоғыз айдағыдай қарқынмен жұмыс істеуді жалғастырсаңыздар, академияларыңыздың болашағына үлкен оптимизммен қараймын.
Осы жобаның дамуына өз үлесімізді қосқымыз келеді. Мен оның әлеуеті зор екенін көріп отырмын. Ең бастысы – бұл уақытты, бірізділікті және жүйелі жұмысты талап ететін ұзақ мерзімді жоба екенін түсіну.
«Шахтёр»: Матчтарды тамашалау барысында «Шахтёр» академиясының қай ойыншыларын ерекше атап өтер едіңіз?
Вольфганг Хайльман: Тек алаңдағы ойынына сүйеніп айтатын болсам, U-18 командасының оныншы нөмірлі ойыншысын атап өтер едім. (Расул Акимов бірінші таймнан кейін алаңнан ауыстырылды – «Шахтёр» ескертпесі). Оның ойынын тек бірінші таймда ғана көруге мүмкіндік болды, бірақ ол маған жақсы әсер қалдырды. Болашақта оның ойынын тағы да көргім келеді.
Сондай-ақ осында жаттығатын төртінші нөмірлі ойыншыны да (Данил Золкин – «Шахтёр» ескертпесі) атап өткім келеді. Ол шынымен де талантты әрі футболды жақсы түсінетін, зерек ойыншы.
Матч барысында ерекше көзге түскен футболшылар туралы айтатын болсам, осы екі ойыншыны атар едім.
Дегенмен футболшыға толыққанды баға беру үшін уақыт қажет екенін түсіну маңызды. Ойыншыны бір-ақ рет көріп, оны жеке танымай тұрып, объективті пікір қалыптастыру қиын.
Әдетте біз футболшыларды ұзақ уақыт бойы бақылап, олардың әлеуетін бағалаймыз. Бұл жұмыспен біздің скаут Маркус айналысады. Оның міндетіне болашағынан үміт күттіретін ойыншыларды іздеу және олардың мүмкіндіктерін бағалау кіреді.
Ал менің жұмысым көбіне жасөспірімдер футболын дамытуға, академияларды құру мен жетілдіруге, жас футболшыларды даярлау жүйесін дамытуға және жаттықтырушылардың біліктілігін арттыруға бағытталған.
Еске сала кетейік, «Шахтёр» мен «Боруссия» (Мёнхенгладбах) өкілдері арасындағы алғашқы байланыс шілде айында Алматыда өткен Freedom QJL All Star матчында орнаған болатын. «Шахтёр» клубындағы жұмыс деңгейі мен жасөспірімдер лигасының ұйымдастырылуы неміс мамандарының қызығушылығын оятты. Осыдан кейін олар Қарағандыға келіп, клубтың жұмысымен ішкі үдерістер деңгейінде жақынырақ танысуға шешім қабылдады.
Бүгін неміс делегациясы «Шахтёр» академиясына барып, жас футболшыларды даярлау жағдайларын бағалап, жаттығу үдерісінің ұйымдастырылуымен танысты. Сонымен қатар клубтар арасындағы алдағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

Шахтёр
Кайрат-Жастар
Туран


